29.04.2022 _ 12:24

Ә.Пириев: Ертеңгі күні ұрпағымыз қызығын көре алатындай Жаңа Қазақстанды құруды бүгін бастауымыз керек

Біз өзіміз үшін ғана емес, ұрпағымыз үшін шаңырағы биік, керегесі кең, табалдырығы берік жаңа Қазақстанды құруға дайынбыз. Ол үшін әлеуетіміз де, күшіміз де, жігеріміз де жеткілікті. «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» күн тәртібімен өтіп жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІ сессиясында «Ахыска» түрік мәдени орталығы қоғамдық бірлестігінің Нұр-Сұлтан қалалық филиалының басшысы Әскер Пириев осындай пікірін білдірді.

«Бастау алған саяси реформаларды аяғына дейін жүргізуіміз өте маңызды. Бұл реформалардың мәні мен мақсатын халыққа дұрыс түсіндіру - ортақ борышымыз. Себебі кез келген табыстың, кез келген тарихи сәттің орнауы қашан да халықтың шынайы қолдауына ие болғанда ғана жүзеге асады. Ассамблеяның құрылымдары мен мүшелері алдыңғы сапта болуымыз керек. Бұл мәселеге Ассамблеяның ғылыми сарапшылық кеңесінің әлеуетін де жұмылдырамыз. Біз саяси реформаларды қоғам арасында түсіндіруге ақпараттық топтар құруға дайынбыз. Халыққа жаңа Қазақстанның мәнін қарапайым тілде жеткізе алатын эксперттер мен белсенділеріміз бар. Сонымен қатар, түсіндіру жұмысына ат салысатын азаматтардың білімін жетілдіретін әдістемелік орталықтар ашуды ұсынамын. Ертеңгі күні ұрпағымыз қызығын көре алатындай, Жаңа Қазақстанды құруды бүгін бастауымыз керек», - деді Пириев.