03.05.2022 _ 11:50

Отандық және жоғары технологиялық. Әскери арсенал заманауи қару-жарақпен толығады

Қару-жарақ пен әскери техниканың заманауи, жоғары технологиялық үлгілерімен техникалық және жауынгерлік жарақтандыру жоспарлы тәртіппен жүзеге асырылуда. Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің компоненттерін дамыту жөніндегі іс-шараларды іске асыруға баса назар аударылып жатыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифинг барысында ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Камалетдинов хабарлады.

Генерал-лейтенанттың айтуынша, басым бағыттар бойынша әскери өнім атауларының тізбесі айқындалған. Оған майдандық және әскери-көлік авиация ұшақтары, зымыран-артиллериялық қару-жарақ, сауытты танктік техника, ұшқышсыз ұшу аппараттары, робототехникалық құралдар, оқ-дәрілер және басқа да номенклатуралар кіреді.  


«Тізімде отандық кәсіпорындардан шыққан өнімге басымдық берілген. Бұл ретте импортқа тәуелділіктің төмендеуі, қару-жарақ пен техниканы қолдану бағасының, сапасы мен тиімділігінің оңтайлы ара қатынасы, өндіріс әлеуетін арттыру және тиісінше мемлекеттік қорғаныс тапсырысының уақтылы орындалуы басты өлшемшарт болып отыр. Бұл салада Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен жүйелі жұмыс атқарылуда», - деп атап өтті спикер. 


Сондай-ақ, Қорғаныс министрлігі қару-жарақ пен әскери техниканың заман талабына сай түрлерін жасау жөніндегі ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарын қаржыландыруды ұлғайтуға мүдделі.