03.05.2022 _ 12:05

Әскердегі қызмет беделді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мерзімді әскери қызметтің беделін арттыру жөнінде бірқатар бастамалар пысықталып жатыр

2007 жылдан бастап БҰҰ-ның Непал, Батыс Сахара, Кот-д'Ивуар және Ливандағы миссияларына 500-ден астам қазақстандық әскери қызметші қатысты. Сонымен қатар, 1992-2001 жылдар аралығында Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың 9000-нан астам әскери қызметшісі Тәжік-Ауған учаскесінде ТМД-ның сыртқы шекарасын күзетуді күшейту міндетін орындады. 2003 жылғы тамыздан 2008 жылғы қазанға дейін қазақстандық «Қазбат» батальонының инженерлік-саперлік жасағы құрамында 300-ден астам әскери қызметші Иракта миссиясын орындады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Камалетдинов айтты.

Оның айтуынша, Қазақстан қазақстандық бітімгерлер үшін қосымша квоталар алуға, елдің бітімгершілік әлеуетін нығайтуға және БҰҰ бітімгершілік операцияларына қатысу географиясын кеңейтуге мүдделі.  


«Мемлекет Басшысының тапсырмаларын іске асыру үшін мерзімді әскери қызметтің тартымдылығын арттыру бойынша бірқатар бастамалар пысықталып жатыр. Атап айтқанда, әскери қызметшілерге мерзімді қызмет өткеру кезеңінде «кредиттік демалыстар», коммуналдық қызметтерге ақы төлеуде сарбаздар отбасыларына жеңілдіктер беру ұсынылады. Өзге де ұсыныстар білім беру секторында жеңілдіктер беруге қатысты болып отыр. Мерзімді әскери борышын өтеп жүрген сарбаздардың экономиканың нақты секторында сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарын меңгеріп шығуы жөніндегі жұмыстар жалғасуда. Сондай-ақ, «тегін техникалық және кәсіптік білім беру» жобасын іске асыру шеңберінде Қорғаныс министрлігі бүгінде еңбек нарығында сұранысқа ие 16 мамандық: тракторшы, дәнекерлеуші, краншы, электрик және басқалары бойынша мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді даярлауды жүргізетінін атап өткен жөн. Әскердегі қызмет өткеру уақытында жастар ӘК оқу орталықтары мен әскери бөлімдер базасында қажетті білім, білік және мамандық дағдыларын тегін алады. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне әскери қызмет және арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері мен әскери қызметшілердің тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Бұл өзгерістер әскери қызметшілер мен Арнайы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің әлеуметтік топтамасын жақсартуға, әскери қызмет өткеру мәселелерін регламенттеуге бағытталған», - деп атап өтті генерал-лейтенант.  


Қазіргі уақытта «Азаматтарды әскери-патриоттық тәрбиелеу қағидаларын бекіту туралы» ҚР Үкіметі қаулысының жобасы әзірленіп, мүдделі мемлекеттік органдармен келісілуде. Құжат азаматтарды әскери-патриоттық тәрбиелеу және мемлекеттің қорғаныс қабілетін нығайту саласына оң септігін тигізеді.