03.05.2022 _ 13:35

«Қаңтар оқиғасы»: сотқа 288 қылмыстық іс жолданды

Тергеудің аяқталуына қарай қылмыстық істер сотқа жолдануда. Қазіргі уақытта сотқа 288 қылмыстық іс жолданды, оның 208-і Алматы қаласында, Алматы облысы – 49, Жамбыл – 10, Шымкент қаласында – 9, Қызылорда – 5, Түркістан – 4, Ақмола – 2 және Атырау облысында – 1. Олар бойынша 275 адам сотталды, оның ішінде 22 адам бас бостандығынан айыруға, қалғандарына бас бостандығын шектеу, қоғамдық жұмыстар және айыппұл түріндегі жаза қолданылды. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Бас прокуратураның 1 қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов осындай мәліметтерді жария етті.

«Қызылорда облысында аса ауыр қылмыс жасаған қаңтар оқиғаларының бір қатысушысына қатысты тергеу аяқталды. 5 қаңтарда Қызылорда қаласындағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде ол және оның сыбайластары Ұлттық ұланның Камаз жүргізушісін қатыгездікпен ұрып-соққан. Содан кейін күдікті әскери техниканы айдап кетіп, қозғалтқыш педалына кірпіш қойып, машинаны әскерилердің қоршауына бағыттап, қылмыскердің өзі Камаз кабинасынан секіріп кеткен. Автомашина үлкен жылдамдықпен әскерилерді басып, нәтижесінде солдат М. Қайсаров қаза тапты. Күдіктінің әрекеті терроризм актісін жасау бойынша сараланды. М. Қайсаров отбасындағы жалғыз бала болған, осы жылы ол 20 жасқа толар еді», - деді Бас прокуратура өкілі.