«Соттар қаралған қылмыстық істер бойынша айыпталатын адамдардың көпшілігін бас бостандығынан айыруды көздемейтін жазаларға соттады, ал бұл 275 адамның ішінен 244. Тағы 6 адамға қатысты қылмыстық істер тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылды. Мысалы, Алматы облысының тұрғындары жаппай тәртіпсіздік барысында Талдықорған қаласы Полиция басқармасының заттар қоймасына кіріп, сомасы 195 мыңнан артық теңгеге мүлікті (арнайы киім) жымқырған. Талдықорған қалалық сотының үкімімен сотталушылардың жеке басы мен келтірілген залалдың орнын толтырғаны ескеріліп, олар 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеуге сотталды. Тағы бір мысал, Алматы облысының үш түрғыны жаппай тәртіпсіздік барысында Алматы қаласындағы Төле би көшесіндегі «Сити молл» сауда үйінен жалпы сомасы 470 мың киім-кешек пен спорттық велосипед ұрлаған. Алмалы ауданының соты олардың жеке басы мен келтірілген залалдың орны толтырылғанын ескере отырып, оларды екі жылға бас бостандығын шектеуге соттады», - деді спикер.