05.05.2022 _ 11:40

ҚР ЕХӘҚМ: Қазақстанда 381 ҰОС ардагері тұрады

Биыл 1 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда 381 ҰОС ардагері және Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске жетуге үлес қосқан 97 758 азамат тұрып жатыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Руслан Сәкеев хабарлады.

«Соғыс кезінде қазақ жерінен 1 млн 200 мыңға жуық адам майданға аттанды, 20-дан астам атқыштар дивизиялары және басқа да құрылымдар құрылды. Әскери қызметтері үшін жүздеген мың қазақстандық медальдар мен ордендермен марапатталды, 500-ге жуық адам Кеңес Одағының Батыры атанды. Төрт қазақстандық екі рет Батыр атанды, 110 қазақстандық үш дәрежелі Даңқ орденімен марапатталды. Қолына қару алған әрбір екінші қазақстандық Жеңіс үшін жанын берді – шайқаста қаза тапты, хабар-ошарсыз  кетті. 630 мың адам тұтқыннан оралмады. Жеңісті жақындатуға тыл еңбеккерлеріннің қосқан үлесін ерекше атап өткім келеді, олар майданды барлық қажеттілікпен қамтамасыз етуге бар күшін салды», - деді спикер. 


Руслан Сәкеев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің атынан келе жатқан Жеңіс күнімен құттықтады.