05.05.2022 _ 12:10

Р. Сәкеев халықты әлеуметтік қолдаудың қосымша шаралары туралы баяндады

Мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін орындау – Қазақстанның ішкі саясатының негізгі басымдығы. Әлемдік экономикадағы жаңа жағдайлардың елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға теріс әсерін азайту мақсатында бүгінде ҚР Парламенті Сенатының отырысында қаралып жатқан бюджет жобасында азаматтарды әлеуметтік қолдауды күшейту үшін қосымша 185 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Руслан Сәкеев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте хабарлады.

«Бұл қаражат зейнетақылар, жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің мөлшерін қосымша 4% индекстеуге бағытталатын болады. Бұл жиынтығында 2021 жылғы деңгеймен салыстырғанда зейнетақылар мөлшерінің 11%, ал базалық зейнетақының және басқа да төлемдердің 9% өсуін қамтамасыз етеді. Нәтижесінде әлеуметтік қамтамасыз етуге және халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына арналған шығыстардың жалпы көлемі 4.4 трлн теңгеден немесе республикалық бюджет шығыстарының 25% құрайды», – деді Руслан Сәкеев.