05.05.2022 _ 12:20

4,2 млн ел азаматы түрлі әлеуметтік төлемдерді алушылар болып табылады

Бүгінгі таңда еліміздің 4,2 млн азаматы түрлі әлеуметтік төлемдерді алушылар болып табылады. Оның ішінде: 2,3 млн – зейнеткерлер, 1,2 млн – бала тәрбиелеп отырған отбасылар, 700 мыңға жуығы – мүгедектігі бар адамдар. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Руслан Сәкеев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте хабарлады.


Ол зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерді арттыру мысалдарын келтірді.  


«Биыл зейнетақы төлеуге 3 трлн 64 млрд теңге көзделетін болады, оның ішінде республикалық бюджеттен 2 трлн 960 млрд теңге, бұл министрліктің барлық шығыстарының 67% құрайды. Бұл сома ортақ және базалық зейнетақыны төлеуге бағытталатын болады; Жасына байланысты жинақтаушы зейнетақы төлеу үшін БЖЗҚ-дан 104 млрд теңге қарастырылған. Жинақтаушы зейнетақыны есептемегенде зейнетақының орташа жиынтық мөлшері (ынтымақты + базалық): осы жылдың 1 сәуірінде – 105 337 теңге босла, осы жылдың 1 сәуірінен бастап – 109 346 теңгені құрайды. Жинақтаушы зейнетақыны есепке алғандағы зейнетақының орташа жиынтық мөлшері (ынтымақты + базалық + жинақтаушы): осы жылдың 1 сәуіріне дейін – 133 337 теңге болса, 1 сәуірінен бастап – 138 616 теңгені құрайды. Жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысушылардың орташа зейнетақы мөлшері шамамен 30 мың теңгеге жоғары», - деді спикер. 


Оның айтуынша, мүгедектігі бар адамдарды және асыраушысынан айырылған отбасыларды әлеуметтік қолдауға 370 млрд теңге қарастырылған.  


«Оның ішінде республикалық бюджеттен мүгедектік бойынша жәрдемақыға 342 млрд теңге; мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемге 28 млрд теңге көзделген. Бюджеттен алушылар үшін жәрдемақылардың орташа мөлшері: 1 сәуірге дейін – 52 609 теңге болса, 1 сәуірден кейін 54 608 теңгені құрайды. МӘСҚ-тен төленетін төлемдерді ескере отырып, мүгедектік бойынша төлемдердің жиынтық мөлшері: 1 сәуірге дейін – 81 210 теңге босла, 1 сәуірден бастап – 84 353 теңгені құрайды. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларда төлемнің орташа мөлшері шамамен 30 мың теңгеге жоғары», - деді ведомство өкілі. 


Ал ұлғайтылған мөлшердегі зейнетақылар мен жәрдемақылар сәуір және мамыр айларында қосылған арттырулармен бірге маусым айында төленетін болады.