11.05.2022 _ 12:10

Түзетулердің маңызды блогы құқық қорғау жүйесі мәселелеріне қатысты

Заң жобасымен Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің конституциялық мәртебесі нығайтылады, Прокуратура туралы жеке Конституциялық заң қабылдау көзделген. Мемлекеттің Негізгі Заңының талаптарын іске асыруда конституциялық бақылау органдары маңызды рөл атқарады. Конституциялық Кеңестің мүшесі Рахмет Мұқашев өтініш субъектілерінің тізбесін кеңейте отырып, Конституциялық Кеңестің конституциялық сот болып қайта құрылуын ерекше атап өтті. Ол Орталық коммуникациялар қызметі жанындағы: «Конституциялық реформа - саяси реформалар бағдарламасын жүзеге асырудағы маңызды қадам» сарапшылар клубына қатысты.

«Елімізде конституциялық сот құрылуда, бүгінде Конституциялық Кеңестің жұмыс істейтінін адамдардың көбі біледі. Оның айтарлықтай айырмашылығы бар. Конституциялық кеңес бүгінде сот органдары тарапынан түскен өтініштерді ғана қарайды: егер судья өз қалауы бойынша Конституциялық Кеңеске жүгіну қажет деп есептесе, оның бұл мәселені сот шешімі арқылы ғана Конституциялық Кеңестің қарауына жіберуге құқығы бар. Өзгерістер Конституциялық Соттың өкілеттіктерін кеңейтеді. Олардың құқықтары мен мүдделеріне нұқсан келтірілген, конституциялық норма бұзылған деп санайтын еліміздің азаматтары осы мәселені қарау, күшін жою немесе басқа шешім қабылдау үшін тікелей конституциялық сотқа жүгінуге құқылы», - деп түсіндірді сарапшы.  


Яғни, ел азаматтарымен тікелей байланыс қамтамасыз етілген. Бұл әлемдік үрдіс. Азаматтардың өз құқықтарын Конституцияға қайшы келетін заңдарды қолданудан қорғау мақсатында Конституциялық бақылауға қол жеткізуі кеңеюде. Бұл жеке және заңды тұлғаларға конституциялық әділет органдарына тікелей жүгіну құқығын беру жолымен де, соттар, Омбудсмен, Бас прокурор және басқа да субъектілер арқылы жанама түрде жүгіну мүмкіндігін беру жолымен де жасалады. Халықаралық құқық қорғау құрылымдары мен көптеген мемлекеттер азаматтардың конституциялық шағымын енгізуге басымдық береді. Жақында бұл Түркияда, Венгрияда, Украинада, Литвада және басқа елдерде жүзеге асырылды.  


Мамандардың пікірінше, азаматтардың конституциялық шағымын конституциялық бақылау органына жалпы соттардың алдын ала сұрауларымен үйлестіру адам құқықтарын қорғау тұрғысынан ең тиімді болып табылады. Сайып келгенде, осы ұсыныстарды іске асыру Конституцияға сәйкес құқықтық жүйені дамытуға, азаматтардың құқықтарын қорғау кепілдіктерін және елдегі заңдылық режимін нығайтуға, халықтың мемлекеттік институттарға сенімін арттыруға ықпал ететін болады.