12.05.2022 _ 12:00

Қайталама шикізатты шығаруға уақытша шектеудің ел үшін пайдасы неде?

Сынықтар мен қалдықтарды шығаруға шектеу енгізудің басты негізі – ішкі қайта өңдеушілер үшін қайталама шикізаттың толық жүктелмеуі және жетіспеуі болып табылады. Қазақстандық қайта өңдеушілер үшін ішкі сынық айналымы да жеткіліксіз, олар көрші мемлекеттерден импорттауға мәжбүр. Мысалы, «Қайнар-АКБ» ЖШС қазақстандық және импорттық шикізат есебінен қорғасын аккумуляторлар өндіреді. Компания өз өнімдерімен ішкі нарықты 80% қамтамасыз етеді және жыл сайын 50-60 млн доллар сомасына экспорттайды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында ҚР ИИДМ Индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары Тұрар Жолмағамбет хабарлады.

«Бұрын қиындықтарға тап болған, бірқатар себептермен өндірістерін консервациялаған кәсіпорындар өз қызметін қайта жандандырды. Қазақстан Республикасында металл сынықтары мен қалдықтарын негізгі шикізат ретінде пайдаланатын 20-дан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл компаниялар өндірісінің жиынтық көлемі 2 трлн теңгеден асады, экспорт 2,5 млрд АҚШ доллардан артық, 37 мыңнан астам адам жұмыс істейді және жылына шамамен 120 млрд теңге салық төлейді. Екіншіден, қайталама шикізаттан дайын өнім жасап шығарған кәсіпорындар зауыттарын Қазақстанға көшіре бастады. Бір мысал келтіре кетейін, шетелде біздің шикізатымыздан дайын өнімдер шығарылды, енді Қазақстанда өндіріс көлемі 300 мың тонна, тағы 3 шетелдік зауыт ашылады. Олар жер учаскесін таңдап, инфрақұрылым тарту кезеңінде», - деп атап өтті спикер.