Өңірге келгеннен кейін Премьер-Министр алдымен 2021 жылдың күзінде жұмыс істей бастаған, 1200 оқушыға арналған «Білім» мектеп-гимназиясына барды.
«Өңірде 3 апатты және үш ауысыммен оқытатын 5 мектеп бар. Сонымен қатар шамамен 12 мың бала балабақша кезегінде тұр. Осы мәселелерді шешу үшін жылдың соңына дейін 25 балабақша мен 11 жаңа мектеп салу қажет», — деді Әлихан Смайылов.
Одан кейін Үкімет басшысы 2021 жылы пайдалануға берілген 190 төсек-орындық жаңа Облыстық перинаталдық орталықтың қызметімен танысты.
«Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыста нәрестелер өлімі 29%-ға, қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім 47%-ға артқан. Әкімдік жаңа перинаталдық орталықтың мүмкіндіктерін пайдалана отырып, нәресте өлімін азайту бойынша шаралар қабылдауы қажет. Сондай-ақ медицина кадрларының тапшылығын азайту бойынша да жүйелі жұмыс жүргізу керек, бұл үшін тиісті мүмкіндіктер қарастырылған», — деп атап өтті Әлихан Смайылов.
«Осындай көтерме-тарату орталықтарының ашылуымен халықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету жұмыстары айтарлықтай жақсарады. Бұл бағытта әкімдіктің жұмысы маңызды. Сондай-ақ облыс басшылығы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен уақытылы форвардтық келісімшарттар жасасып, өндірушіден тұтынушыға дейін сатудың тиімді тізбегін қалыптастыруы қажет», — деп атап өтті Премьер-Министр.