17.05.2022 _ 14:20

76,4% - жақтап отыр. Қазақстандықтардың басым бөлігі болып жатқан өзгерістердің маңыздылығын түсінеді - ҚСЗИ

Үш жыл бұрын Президент мемлекеттің барлық маңызды мәселелері Қазақстан азаматтарының пікірін ескере отырып қана шешілетінін мәлімдеген болатын. Үш аптадан кейін осындай сәт туады - 5 маусымда 27 жыл ішінде алғаш рет жалпыұлттық референдум өтеді. Қазақстандықтар еліміздің Конституциясына енгізілген маңызды түзетулер үшін дауыс беруі керек, олар біздің қоғамды толығымен қайта жандандыруға, жаңа Қазақстанды құруға мүмкіндік береді. Ал қазақстандықтардың өздері түзетулер, референдум идеясы туралы не ойлайды? Бұл маңызды бастамаларды қолдай ма? Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының сарапшылары осындай сұрақты қойып, 9-12 мамыр аралығында телефон арқылы әлеуметтік сауалнама жүргізді.

Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында институт директоры Еркін Түкімов сауалнама нәтижелерін жариялады.  Жалпы, Астана, Алматы, Шымкент және 17 облыстан 1200 респондент сауалнамаға қатысқан.  

«Әлеуметтік сауалнамамыздың деректеріне сәйкес, референдумға бүкіл халықтың 66,4%-ы қатысуға ниетті. Естеріңізге сала кетейік, заңнамаға сәйкес, сайлаушылардың 50%-дан астамы қатысқан кезде референдум өткізілген болып есептеледі. Жалпы, қазақстандықтардың 70%-ы алдағы жалпыұлттық референдум туралы естіген. ҚСЗИ зерттеулерінің нәтижелері көрсеткендей, Президенттің референдум өткізу туралы бастамасын қазақстандықтардың 76,4% қолдайды. Яғни, қазақстандықтардың басым бөлігі болып жатқан өзгерістердің маңыздылығын түсінеді. Тек 15,4% - референдум идеясын қолдамайды және таңдау туралы шешім қабылдамағандар саны - 8,2%. Соңғы көрсеткіш нәтижеге әсер етпесе де, әрбір 10-шы қазақстандық әлі шешім қабылдамаған дегенді білдіреді. Сондықтан біздің сарапшы ретіндегі міндетіміз реформалардың мәні мен маңыздылығын, жаңа Қазақстанды, жаңа құқықтық мемлекетті құруда референдум өткізудің қажеттігін одан әрі нақты, айқын түсіндіру», - деді модератор сарапшылар кездесуінің мақсатын белгілей отырып.