18.05.2022 _ 10:30

2022 жылы дәрігерлердің жалақысы орта есеппен 30%- ға көтерілді

Мемлекет басшысы жалпы халықтың, оның ішінде медицина қызметкерлерінің әл-ауқатына көп көңіл бөледі. Былтыр 1 қаңтардан бастап 247 мың медицина қызметкерінің жалақысы өсті. Биыл дәрігерлердің жалақысы орташа есеппен – 30%- ға (400 мың тг астам); орта медицина персоналының жалақысы -20% - ға (200 мың тг) өсті. Келесі жылы дәрігерлер жалақысы орта есеппен – 30%- ға; орта медицина персоналының жалақысы -20% - ға өсуі жоспарланып, қаражат қарастырылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният хабарлады.


Сонымен қатар, медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесін енгізуді қамтамасыз ету мақсатында «Кейбір заңнамалық актілерге денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы әзірленді және осы айда ҚР Парламентінің Мәжілісіне енгізіледі. 


«Заң жобасында Қылмыстық кодекстің 317-бабының қылмыстық нормаларын ізгілендіру жөніндегі нормалар қарастырылған, яғни, айыппұл санкциялары жеңілдетілді; соттың қарауына бас бостандығын шектеу бойынша балама енгізе отырып, бас бостандығынан айыру мерзімдері қысқартылды; Сондай-ақ, заң бойынша медициналық көмектің сапасын арттыру үшін пациенттің өмірі мен денсаулығына зиян келтіргені үшін кәсіптік жауапкершілікті арттыру, сақтандыру; білімді, еңбегі сіңген дәрігерлерге «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағын белгілеу көзделген», - деді министр.