18.05.2022 _ 15:10

Жеңілдетілген тәртіп: жаңа партиялар құру бойынша 30-дан астам өтініш келіп түсті

Конституцияға енгізілетін түзетулердің нәтижесінде заң шығару процесінде үлкен өзгерістер болады. Болашақта заң шығару процесі негізінен Мәжілісте өрбиді. Ал Сенат тек Мәжіліс қабылдаған заңдарды мақұлдау немесе мақұлдамау құқығына ие болады. Конституциялық кеңестің аппарат басшысы, Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар жөнінде ұсыныстар дайындау бойынша жұмыс тобының мүшесі Бақыт Нұрмұханов атап өткендей, бұл - халаықаралық тәжірибе, Палаталар арасындағы келіспеушіліктерді шешудің жаңа рәсімдері. Мәжіліс Сенат кері қайтарған заңмен оның бұрын қабылданған шешімін қайта қуаттап, Президентке заң ұсыну құқығын алады.

«Келесі бір ауқымды блок ол суперпрезиденттік басқару нысанынан классикалық президенттік басқару жүйесіне көшу. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды Жолдауда көрсетілген басқа да шаралармен жүйелі түрде қарастырған жөн. Қазір жобада Президент саяси партиядан шығады деп көрсетілген. Болашақта Президент қана емес, әкімдер, олардың орынбасарларының саяси партияда болуларына тыйым салынады. Президнт өз басымен конституциялық реформа өтпей-ақ партиядан шықты. Бұл саяси бәсекелестікті арттырады. Өйткені, өздеріңізге белгілі, болашақта «Саяси партиялар туралы» заңға да өзгерістер енгізіледі. Саяси партия құру тәртібі едәуір жеңілдетіліп жатыр. Қазіргі кезде жаңа партия құру бойынша 30-дан астам өтініш келіп түскен екен. Сондықтан саяси аренада жаңа саяси күштер пайда болып, өкілді органдарда жаңа депутаттардың болуы әбден ықтимал», - деді спикер Орталық коммуникациялар қызметі алаңында сөйлеген сөзінде.