19.05.2022 _ 10:00

Инвестициялардың жоғары құқықтық қорғалуы және тұрақтылығы. «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске түзетулер енгізілуде

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Энергетика министрлігімен және шетелдік инвесторлар кеңесінің мүшелерімен бірлесіп мұнай-газ саласындағы инвестициялық ахуалды жақсарту мәселелері пысықталуда. ЭГТРМ Геология комитетінің төрағасы Талғат Сатиевтің айтуынша, аз зерттелген шөгінді бассейндерге инвесторларды тарту мақсатында «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске түзетулер енгізу ұсынылуда. Олар жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын геологиялық зерттеу кезеңінен жақсартылған модельдік келісімшарт шеңберінде барлау және өндіру кезеңіне кепілді өту мүмкіндігін алуға айрықша құқығын көздейді.
Инвестициялардың жоғары құқықтық қорғалуы және тұрақтылығы. «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске түзетулер енгізілуде Иллюстративное фото с сайта nedra.kz


«Бұл тәсіл аз зерттелген бассейндерде жер қойнауының мұнай-газ перспективаларын геологиялық зерттеуге лицензия енгізу арқылы қамтамасыз етіледі. Лицензияға сәйкес учаскені бөлу кезінде оның геологиялық-геофизикалық зерделену дәрежесі төмен аумақтар шегінде орналасуы негізгі өлшем болып табылады. Бұл тәсіл инвестициялардың неғұрлым жоғары құқықтық қорғалуын және тұрақтылығын қамтамасыз етеді және инвесторларға жақсартылған модельдік келісімшартта көрсетілетін белгілі бір салықтық және басқа да преференцияларды алуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта ұсынылған жақсартылған реттеушілік шарттар пакетін барлық мүдделі тараптар мақұлдады», - деді спикер.  


Бұдан басқа, қатты пайдалы қазбалар саласындағы инвестициялық тартымдылықты арттыру мақсатында жер қойнауын пайдалану саласының ашықтығын және болжамдылығын арттыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 74-қадамы шеңберінде пайдалы қазбалар қорлары бойынша есептілік стандарттарының халықаралық жүйесі енгізілді. 2016 жылы Қазақстан CRIRSCO тобына кірді. «Геологиялық барлау жұмыстарының нәтижелері, минералдық ресурстар мен минералдық қорлар туралы қазақстандық жария есептілік қауымдастығы» және «Жер қойнауының тәуелсіз сарапшыларының кәсіптік бірлестігі» құрылды. Барлық қажетті нормативтік-техникалық құжаттар әзірленді. Заңнамада пайдалы қазбалар қорлары жөніндегі мемлекеттік комиссияның қолданыстағы жүйесін қолдана отырып, 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін өтпелі кезең қарастырылған.