19.05.2022 _ 14:25

Медициналық жабдықтарды орталықтандырылған сатып алу. Биыл ДСМ Президент тапсырмасының бірінші кезеңін іске асыруға кіріседі

2021 жылы Денсаулық сақтау министрлігі денсаулық сақтау ұйымдарындағы жабдықтарға ауқымды түгендеу жүргізді. Жабдықталу деңгейі 83%-ды құрады, жабдықтың тозуы 49% - ға жуық. Жергілікті жерлерде медициналық техника сатып алу тетігінде де проблемалар бар. Яғни, аталған рәсімдер қағаз тасығыштарда жүргізіледі, ұқсас жабдықты сатып алу кезінде бағалардың шашыраңқылығы орын алады. Сондықтан, ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес «СК-Фармация» ЖШС арқылы медициналық техниканы орталықтандырылған сатып алуға көшу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ол 2 кезеңмен жүзеге асырылады. Жұмысты орындау мерзімдері мен әдістері туралы дәрі-дәрмек саясаты департаментінің директоры Бауыржан Жүсіпов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында сөйлеген сөзінде айтып берді.

Бірінші кезең - «СК-Фармация» базасында 20 млн теңгеден астам медициналық техника сатып алуды орталықтандыру, екінші кезең - тұтастай алғанда, отандық өндірісті дамыту, инновациялық жабдыққа және уақытылы жаңартуға тұрақты қол жеткізу үшін өмірлік цикл келісімшарттары мен ұзақ мерзімді шарттар жасасу.  


«Биыл бірінші кезеңге аяқ бастық. Бірнеше басты шешімдер белгіленді: біріншісі - сатып алуды өткізу процестерін автоматтандыру, екіншісі - сатып алынатын медициналық техника үлгілерінің бір ғана өндірушіге сәйкес келуі, бірақ жақсы инновациялық медициналық техниканың бәсекеге қабілетті өндірушілеріне қолжетімді баға бойынша қол жеткізу үшін медициналық техниканың параметрлерін біріздендіру, үшінші мәселе - бұдан әрі сервистік қызмет көрсету жеткізілімінің және медициналық техника жұмысының тиімділігінің мониторингі. Нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеу және бекіту процестері басталды, Үкіметтің тиісті қаулылары қабылданды. Сатып алуды автоматтандырылған режимде жүргізуге мүмкіндік беретін белгілі бір модуль әзірленді. Екінші модель бойынша да тиісті нормативтік-құқықтық актілер жақын арада қабылданатын болады. Яғни, техникалық ерекшелікті әзірлеу кезінде медициналық техниканың сипаттамалары кемінде екі модельге сәйкес келетін болады», - деп атап өтті спикер.  

 
Алдағы уақытта осы бағыт бойынша денсаулық сақтау ұйымдарын 5 жылға жарақтандыру бағдарламасын әзірлеу және ұзақ мерзімді кезеңге қажеттілікті айқындау жоспарлануда.