19.05.2022 _ 14:40

Биыл үш айда 2 мыңнан астам ақау анықталып, 4,8 млрд теңге көлемінде айыппұл салынды - ӘМСҚ басқарма төрағасының орынбасары

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры медициналық көмек сапасына және оны қадағалауға үлкен мән береді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Басқарма төрағасының орынбасары Ілияс Мұхамеджан мәлім етті.

Оның айтуынша, жалпы қор мамандары негізгі 4 түрлі мониторинг жүргізеді. Оның ішінде жоспарлы, жоспардан тыс, мақсатты және проактивті мониторинг.  

«Үстіміздегі жылдың үш айында 468 жоспардан тыс мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде, 2 мыңнан астам ақау анықталып, 44,8 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Айта кетейік, жоспардан тыс мониторинг пациенттерден шағымдар түскен кезде, нормативтік-құқықтық актілерді бұзудың ықтимал жағдайлары анықталған кезде жүргізіледі. Сонымен қатар, жүкті әйелдер скринингі және 2021 жылы туылған нәрестелер скринингтері бойынша ақаулар тіркелді. Сәуір айында жоспарлы емес тікелей мониторинг жұмысы қарсаңында былтыр өткен «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша бөлінген 7 мың квотаға мақсатты мониторинг жүргізілді. Оның нәтижесі бойынша 2 мыңнан астам ақау анықталып, 60,8 млн теңгеге айыппұл салынды. Жалпы, биыл үш айда қор мамандарының жұмысының нәтижесінде 200 мыңнан астам ақау анықталып, 4,8 млрд теңге көлемінде айыппұл салынды», - деді спикер.