20.05.2022 _ 11:30

Мүдделер теңгерімі. Мемлекеттік сатып алулардың 100%-ы және олардың рәсімдері электрондық форматқа ауыстырылды

Мемлекеттік сатып алулар мемлекеттік реттеудің ең күрделі салаларының бірі болып табылады, өйткені мұнда тапсырыс берушілер мен өнім берушілер арасындағы мүдделер теңгерімін қамтамасыз ету өте маңызды. Соңғы бес жылда мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіруге бағытталған шаралар туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Қаржы вице-министрі Дәурен Кенбейіл мәлімдеді.

 
Ең бастысы, мемлекеттік сатып алу процесін толық цифрландыру енгізілді. 


«Бизнес-процестерді автоматтандыру арқылы мемлекеттік сатып алудың барынша ашықтығы мен айқындығы қамтамасыз етілді. Мемлекеттік сатып алулардың 100%-ы және олардың жоспарлаудан бастап, төлемге дейін рәсімдері электрондық форматқа ауыстырылды. Камералдық бақылау енгізілді, ол тексеру объектісіне бармай-ақ онлайн-режимде жүзеге асырылады. Сондай-ақ, құқық қорғау органдарына толық қолжетімділік қамтамасыз етілді. Толық автоматтандыру қоғамның мемлекеттік сатып алудың барлық рәсімдеріне, оның ішінде шағымдану және бақылау процесіне қол жеткізуіне жол ашты», - деп атап өтті спикер.