24.05.2022 _ 13:40

Тұрғын үй мәселелерін шешуге аса мұқтаж 70 мыңға жуық азамат анықталды

Әкімдіктердің ресми деректері бойынша, елімізде тұрғын үй кезегінде 608 мыңнан астам азамат тұр. Оның ішінде әлеуметтік осал топтар - 242 мың, көп балалы – 85 мың, бюджеттік сала қызметкерлері-217 мың, жетім балалар — 60 мыңнан астам.«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй беріледі. Азаматтардың жекелеген санаттарының мәселелерін жедел шешу мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жеке тұрғын үй қорында тұрғын үйді жалға алғаны үшін төлем тетігі енгізілді. «Отбасы банк» ағымдағы жылдың 18 сәуірінен бастап жалдау төлемдерін субсидиялауға өтінімдер қабылдауды бастады. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте алғашқы аралық нәтижелер туралы айтылды. ҚР ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Әзімбек Нәлібаев атаулы көмек қағидаты тетігі енгізілгенін еске салды. Ол азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген: 50% мемлекеттік субсидиялар есебінен жабылады; қалған 50% алушы өз бетінше төлейді.

«Тетікті іске асыру мақсатында жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үй үшін тұрғын үй төлемдерін тағайындау қағидалары әзірленді және бекітілді. Отбасы банк - оператор ретінде кезекте тұрғандарды тұрғын үйге мұқтаждығы мен табыстарының бар-жоғын ақпараттық жүйе арқылы тексеретін болады. Еңбек министрлігі базасының деректеріне сәйкес, табысы 1 ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен 70 мыңға жуық азамат анықталды. Бұл көп балалы отбасылар, 1 және 2 топтағы мүгедектер, жетім балалар, мүгедек балалары бар отбасылар. Яғни, олардың мүмкіндіктері шектеулі екенін ескере отырып, тұрғын үй мәселелерін шешуге мұқтаж азаматтардың санаттары. Қазіргі уақытта 3 мың өтінімді «Отбасы Банкі»  мақұлдады», - деп атап өтті спикер. 


Азаматтардың басқа санаттары үшін олардың қаржылық мүмкіндіктерін ескере отырып, жеңілдікпен кредит беру бағдарламалары қолжетімді болады.