25.05.2022 _ 12:40

Жалпы алаңы 210 га құрайтын 320 учаске мемлекетке қайтарылды

Жергілікті атқарушы органдардың мәліметтеріне сәйкес 2021 жылы республика бойынша жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау жөніндегі уәкілетті органдар жер заңнамасының сақталуы тұрғысынан 2406 тексеру жүргізді. Жүргізілген тексерулер барысында 1111 заң бұзушылық анықталды, 1072 жағдайда жер заңнамасын бұзушыларға жалпы сомасы 219,8 млн теңгеге айыппұл салынды. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек осындай мәліметтерді жария етті.


«2021 жылы анықталған бұзушылықтардың: 65,7%-ы жерге мемлекеттік меншік құқығын бұзуға; 1,9%-ы арнайы белгілерді жоюға; 8,6%-ы жерді бүлдіруге; 5,3%-ы жер учаскелерін беру туралы өтініштерді қарау мерзімдерін бұзуға; 18,5%-ы ауыл шаруашылығы жерлерін тиімсіз пайдалануға немесе пайдаланбауға, жерлерді нысаналы мақсаты бойынша пайдаланбауға және басқаларға келеді. Бұдан басқа, әкімдіктермен коммерциялық мақсаттарға арналған жерлерде 2019-2021 жылдар аралығында жалпы алаңы 5,2 мың га құрайтын 3,5 мың учаске анықталды. Жер инспекторлары ден қою шараларын қабылдағаннан кейін жалпы алаңы 1,6 мың га құрайтын 1,2 мың учаскені иелері пайдалануға кірісті; жалпы алаңы 210 га құрайтын 320 учаске мемлекетке қайтарылды; жалпы алаңы 3,4 мың га құрайтын 2 мың учаске бойынша жерді мемлекетке қайтару бойынша жұмыстар жүргізілуде», - деді ведомство өкілі.