30.05.2022 _ 11:45

Дәурен Абаев ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раевпен кездесті

ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық ұйымының (ТҮРКСОЙ) Бас хатшысы Сұлтан Раевпен кездесті. Бірінші кезекте министр Сұлтан Раевты ұйымның Бас хатшысы лауазымына сайлануымен құттықтап, мүше елдер арасындағы қарым-қатынастардың жандануына және мәдени байланыстардың нығаюына сенім білдірді.

Әңгіме барысында тараптар мерейтойлық және атаулы күндерді мерекелеу мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, биыл қазақ опера және эстрада әншісі, халық артисі Роза Бағланованың туғанына 100 жыл, қазақ жазушысы, драматург және ғалым Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығы, қазақтың қоғам және саяси қайраткері, түрколог, ғалым, ақын және аудармашы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл.

Дәурен Абаевтың айтуынша, атаулы іс-шараларды жоғары деңгейде өткізу ТҮРКСОЙ елдері бауырлас халықтарының арасындағы байланысты нығайтуға үлкен үлес қосады.

Кездесу барысында 2021 жылы ресми түрде түркі әлемінің рухани астанасы болып жарияланған Түркістан қаласының әлеуетін дамытуға ерекше көңіл бөлінді.

Өз кезегінде Бас хатшы Сұлтан Раев министрді ТҮРКСОЙ желісі бойынша жүзеге асырылуы мүмкін іс-шаралар мен жобалар туралы хабардар етті.