01.06.2022 _ 14:00

Өңірлердің 14 медициналық ұйымы офтальмологиялық жабдықтармен жабдықталады – «Қазақстан халқына» қоры

«Медициналық ұйымдарды офтальмологиялық скринингке және шала туған нәрестелердің ретинопатиясын емдеуге арналған жабдықпен қамтамасыз ету» бағдарламасын ОКҚ брифингінде денсаулық сақтау министрлігінің ана мен баланы қорғау департаментінің директоры Олжас Ысқақов таныстырды.

Бүгінгі күні медициналық ұйымдарда офтальмологиялық скринингке арналған тиісті жабдықтың болмауынан шала туған нәрестелердің ретинопатиясын анықтау және емдеу проблемасы шешілген жоқ.

Шала туылған нәрестелердің ретинопатиясы шала туылған нәрестелер арасында соқырлық пен нашар көрушіліктің басты себебі болып табылады және экономикасы дамыған елдерде бала көру қабілетінің бұзылуының себептері арасында бірінші орын алады.

Сырқаттанушылық статистикасын азайту мақсатында Қор осы бағдарламаны іске асыруға кіріседі, оның шеңберінде өңірлердің 14 медициналық ұйымын офтальмологиялық жабдықпен жарақтандыру көзделеді. Қор бағдарламаны ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен, өңірлік әкімдіктердің денсаулық сақтау басқармаларымен бірлесіп жүзеге асырады.

Олжас Ысқақовтың айтуынша, 2021 жылы 6500 шала туылған бала скринингпен қамтылды.

«Денсаулық сақтау министрлігі сондай-ақ жабдықта жұмыс істеу үшін кадрлар даярлаумен айналысады», – деді спикер.