01.06.2022 _ 16:30

БП: Алматыда Қаңтар оқиғасына қатысы бар 205 күдікті сот санкциясымен қамауда

Бас прокуратураның қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов Орталық коммункиациялар қызметінде өткен брифингте Қаңтар оқиғаларына қатысты қылмыстық істерді тергеу барысы туралы айтып берді. Спикердің айтуынша, Қаңтар оқиғалары кезеңінде жасалған барлық қылмыстар бойынша тергеу органдарымен Алматы қаласында барлығы 1 066 қылмыстық іс тергелуде, оның ішінде 5-уі жаппай тәртіпсіздіктер, 5-уі терроризм актілері бойынша. Соттың санкциясымен 205 күдікті адам қамауда.

«Әрбір қамауға алынған адам бойынша олардың қылмыстарға қатыстылығы және оларға белсенді түрде қатысқандығы туралы жеткілікті мәліметтер бар. Бас прокуратураның ведомствоаралық тергеу-тобымен қылмыстық істерді тергеп-тексеру барысында Алматы қаласы полиция департаментіне шабуылдаған 3 адамның қаза болу мән-жайлары анықталды. 5 қаңтарда Алматы облысының 2 тұрғыны және, Шығыс Қазақстан облысының 1 тумасы полицияның ғимаратына қарулы шабуылдар жасаған. Бұған дейін олар рөлдерді нақты айқындап, екеуі автоматтармен қаруланып, біреуі жанғыш қоспаны алған.
Өз әрекеттерін жүзеге асыру үшін алаңнан әскери жүк автокөлігін айдап кетіп, онымен Полиция департаментінің ғимаратына жеткен. Олардың бірі полиция ғимаратына қарама қарсы көп пәтерлі тұрғын үйдің төбесіне көтеріліп, полиция қызметкерлеріне көздеген оқ жаудырған. Сонымен қатар ол өзінің сыбайластарын қорғаған. Басқа қатысушы әскери көлікте Полиция департаментінің қақпасын бұзып өтуге тырысқан.
Үшінші қатысушы басқа шабуылдаушыларды басқарып, қолдарымен шабуылдың мақсатын белгілеп, ғимаратқа өрт қоспасын лақтыруға әрекет еткен.
Шабуылға тойтарыс беру нәтижесінде полиция қызметкерлерімен үшеуінің де көзі жойылды», - деді Қилымжанов.