02.06.2022 _ 10:23

Павлодарда қыркүйек айының соңына дейін жүз елу аула абаттандырылады

Балаларды қорғау күніне дейін облыс орталығында отыз аула абаттандырылды. Олардың ішінде аймақ басшысы сәуір айының басында қаланы аралау кезінде абаттандыруға уәде берген Қамзин көшесіндегі 350 үйдің ауласы да бар.

Әбілқайыр Сқақов балалар, стритбол және гимнастика алаңдарын, әткеншектерді қарап шықты. Үйдің байырғы тұрғыны Надежда Сидаш әкім мен мердігер ұйымға алғыс айтты.

- Біз ауламыздың абаттандырылуын отыз жыл бойы күттік, - деді Надежда Сидаш. - Бұрын мұнда құм алаңы мен ескі баскетбол қалқаны ғана болған еді.

Аймақ басшысы облыс орталығын тұрғындар үшін барынша жайлы ету керектігін атап өтті.

- Біз барлық шағын аудандардағы аулаларды жоспарлы түрде көркейтумен айналысамыз, - деді ол. - Қаланың әр бұрышында павлодарлықтардың сүйікті демалыс орындары болуы тиіс.

Әбілқайыр Сқақов балаларға баскетбол доптарын сыйлап, естелікке суретке түсті. Ол тұрғындардың өтініші бойынша қала әкіміне тор тәріздес әткеншек құруды тапсырды.