02.06.2022 _ 13:50

Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығын тойлау аясында ел бойынша 180-нен астам іс-шара ұйымдастырылады

Еліміздің Мемлекеттік рәміздерінің 30 жылдығын тойлауда идеялық және мазмұнды ұйымдастырушылықты көтеру мақсатында биыл 11 наурызда іс шаралар жүзеге асырыла бастады. Жалпы республика бойынша 180-нен астам іс-шара ұйымдастыру жоспарланған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов мәлімдеді.
Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығын тойлау аясында ел бойынша 180-нен астам іс-шара ұйымдастырылады

«Бүгінде мерекелеу концепциясына байланысты әрбір өңірде облыс әкімі жанындағы ҚР мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия отырыстары ұйымдастырылуда, мәдениет үйлерінде және кітапханаларда ай сайын тақырыптық бағытта іс-шаралар өткізіледі. Жыл басынан бері жастар арасында патриоттық сезімді нығайту мақсатында барлық кітапханаларда «Менің рәміздерім, менің мақтанышым» атты кешенді кітап көрмелері ұйымдастырылды. Іс-шараларды ұйымдастыру және өткізуге шығармашылық және ғылыми интеллигенция өкілдері, мәдениет және өнер қайраткерлері, жастар және үкіметтік емес ұйымдары, «Amanat» партиясы, Қазақстан халқы Ассамблеясы және жастар кеңінен тартылуда», - деді спикер.


Сонымен қатар, Мемлекеттік рәміздерінің 30 жылдығына арналған республикалық ғылыми-практикалық конференция, Нұр-Сұлтан қаласында «Атамекен» этномемориалдық саябағындағы ең биік тутұғырда Мемлекеттік ту көтеру рәсімі, республика бойынша Мемлекеттік Гимнді орындау флешмобы сынды маңызды іс-шаралар ұйымдастырылады. Сондай-ақ, 4 маусым күні республикалық Патриоттар форумы, авто-мото шеру өткізу жоспарланған.