05.06.2022 _ 14:25

Тәуекелдерді болдырмау. Ел басшылығының мұндай оқиғаларға жедел ден қойғаны өте жақсы және дұрыс - О. Цепкин

Барлық учаскелерде сайлау комиссиялары толығымен дайын болды, алғашқы дауыс берушілерді күтті. Кейбірінде учаскелер ашылмай жатып, күтіп тұрған адамдар кезегі болды. РФ Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің Конституциялық заңнама және мемлекеттік құрылыс жөніндегі комитетінің мүшесі, ТМД ПАА мүшесі Олег Цепкин өзінің және миссиядағы әріптестерінің пікірлерімен бөлісті. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен көшпелі брифингте айтты. Ол бүгін бақылаушылар барған барлық учаскелерде сайлау комиссиялары мүшелерінің ұйымдастырылуын, рәсімін, жарақтандырылуын, біліктіліктерін қарап, ескертулер болмағанын атап өтті.

«Комиссия мүшелерінің көңіл-күйі жақсы, дауыс берушілерде де. Ең бастысы - Қазақстан азаматтарының үміті. Дауыс беруден кейін біз тұрғындардың Конституцияға енгізілген өзгерістерге қалай қарайтындығы туралы пікірлерін тыңдадық. Әрине, олар өздері, балалары мен немерелері үшін тұрақты дамудың болатынына сенеді. Әл-ауқат, әлеуметтік қамсыздандыру, яғни жайлы жағдайда өмір сүру үшін қажеттінің бәрі жақсарады. Біздің делегация жақында Парламентте де, сайлау комиссиясында да кездесулер өткізді, Конституцияға өзгерістер енгізуге қатысқан көптеген мамандармен консультациялар өткізді. Әрине, міндет бір - ағымдағы жылдың басында ел тап болған тәуекелдерді одан әрі болдырмау. Бүгін Президент өзінің сұхбатында қазіргі өзгерістердің мақсаттарының бірі - Қазақстанның болашақта тұрақты дамуын қамтамасыз ету екенін айтты. Әріптестерімнің пікірін білдіре отырып, ел басшылығының мұндай оқиғаларға жедел ден қойып, Конституцияға тез арада өзгерістер дайындағаны өте жақсы және дұрыс деп айта аламын», - деді спикер.  


Сондай-ақ Цепкин Конституцияға өзгерістер енгізу мәтіндерін дайындау кезінде халықпен ауқымды жұмыс жүргізілгенін, өңірлерде көптеген кездесулер өткізілгенін жеткізді. Бұл халықтың ұсыныстары мен тілектерін көптеп жинауға мүмкіндік берді.