10.06.2022 _ 12:03

Астық экспорттаушыларға 2 жылдың ішінде 127 млрд теңге ҚҚС қайтарылды

Астық экспорттаушыларға ҚҚС жеңілдетілген қайтару жөніндегі пилоттық жоба өткен жылдың қараша айында Қаржы министрінің бұйрығымен бекітілді.

Жоба аясында бидайды экспортқа сатушыларға ерекше тәртіпті қосылған  құн салығын қайтару көзделген. Жалпы, 2019-2021 жылдары астық импорты 157 млрд теңгеге 2,7 млн тоннаны құрады. Өз кезегінде, астық экспорты 20,2 млн тоннаны құрады, оның ішінде РФ-ға - 441 мың тонна.

Мұндай мәліметтерді Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Миятов жария етті. Ол жобаның не үшін және кім үшін жасалғанын түсіндірді. 

«Экспорттаушылар осы кезеңде экспорттық жеткізілімдер бойынша қосылған құн салығын қайтарды, заңнамалық түрде осындай мүмкіндік қарастырылған. 2019-2021 жылдар аралығында астық экспорттаушыларға 127 млрд теңге көлемінде ҚҚС қайтарылды. Сонымен қатар Ресей Федерациясынан әкелінетін бидайға қатысты әртүрлі «сұр» схемалар жиі қолданылатындығын атап өткен жөн, өйткені онда астықтың құны әлдеқайда төмен және біздің экспорттаушылар оны көрші елден сатып алуға тырысады. Осындай тәуекелдерді болдырмау үшін Мемлекеттік кірістер комитеті «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп ҚҚС-ты жеңілдетілген қайтару бойынша пилоттық жобаны іске асырды.

Яғни, осы жобаға қатысу туралы меморандум жасасатын экспорттаушыларға ҚҚС қайтару тексерусіз және айыппұл санкцияларын қолданбай жүргізілетін болады. Пилоттық жобаға қатысушылар осы бағдарламаның үйлестірушісі, Мемлекеттік кіріс органдары және тиісінше меморандум жасасқан астық нарығының қатысушылары ретінде "Атамекен" ҰКП болып табылады.

Бүгінгі таңда пилоттық жобаға 20 салық төлеуші қатысуда. Олардың ішінде 7 экспорттаушы және 13 астық өнімдерін шығаратын тікелей жеткізуші бар», - деді спикер.


Айта кетейік, меморандум ерікті түрде жасалады. Кез келген компания меморандумға қосыла алады. Ол үшін «Атамекен» ҰКП-ға жүгіну қажет.