15.06.2022 _ 10:40

Иллюминатордағы қоқыс. Космомониторинг бір айдың ішінде 1500 жаңа полигонды анықтады

2018 жылдан бастап экология министрлігі «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ-мен бірлесіп елді мекендер аумағында қалдықтарды орналастыру орындарының мамыр айынан қыркүйек айының соңына дейінгі ғарыштық мониторингін жүргізуде. Бұл жұмыс әр өңірдегі стихиялық қоқыс орындарын жою жөніндегі қызметке бақылауды күшейтуге көмектеседі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызмтінде өткен брифингте ҚР экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Зульфия Сүлейменова айтып берді.

«2021 жылы космомониторинг қорытындысы бойынша 7328 рұқсат етілмеген қалдықтарды орналастыру орны анықталды, оның 89% жойылды. Анықталған стихиялық қоқыстардың ең көп саны Қарағанды облысында, Ақмола, ШҚО-да байқалды. Полигондардың көп бөлігі жойылды. Маңғыстау облысында жою жұмыстары нашар жүргізілді - 59%. 2022 жылдың мамыр айынан бастап ғарыштық мониторинг аясында рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін анықтау жұмыстары басталды.  Мамыр айының басынан бүгінгі күнге дейін 1,5 мыңға жуық рұқсат етілмеген қоқыс орындары анықталды. Осы суреттердің қорытындысы бойынша жою кестесі әзірленетін болады», - деді спикер.