15.06.2022 _ 11:00

2021 жыл Қазақстандағы ең жылы бес жыл қатарына енді

«Қазгидромет» РМК бас директорының орынбасары Серік Сайыров Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ұзақ жылдық мәліметтер негізінде жасалған зерттеулер нәтижелері бойынша республика аумағында орын алған өзгерістерді атап өтті.

«Соңғы 40 жылда Қазақстан аумағында орташа жылдық ауа температурасының өсу қарқыны әр 10 жыл сайын +0,32°С жоғарылап отырды, бұл жалпы жер шары бойынша ауа температурасының өсу қарқынынан әлдеқайда көп. 2021 жыл Қазақстандағы ең жылы бес жыл қатарына енді. Өзгеріс енгенге дейінгі орташа жылдық температурадан  1,5°С артық болды. Ауа температурасының орташа мәндері көтеріліп қана қоймай, жаз мерзіміндегі аптап ыстықтың қайталанушылығы да артып келеді. Құрғақ аймақтарда жаңбырсыз кезеңнің максималды ұзақтығы, максималды тәуліктік жауын-шашынның түсу жиіліктері де айтарлықтай артуда. Жалпы республика аумағы бойынша күндізгі және түнгі аяздардың жиілігі төмендеуде, әсіресе республиканың батысы мен солтүстік-шығысында қатты аязды күндер саны азаюда; вегетациялық кезеңнің ұзақтығы артып, солтүстікте және оңтүстік-шығыста жауын-шашынсыз кезеңнің максималды ұзақтығының қысқаруы байқалады», - деді спикер.