15.06.2022 _ 14:10

Биыл 855 мың шаршы метр үй пайдалануға беріледі – Түркістан облысының әкімі

2021 жылы 2018 жылмен салыстырғанда негізгі капиталға бағытталған инвестициялар 2,3 есе артық тартылды, жалпы көлемі 660,3 млрд теңгені құрады. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Орталық коммуникациялар қызметінде құрылыс және өңірдің инфрақұрылымын дамыту бағытындағы көрсекіштер мен жұмыстарға тоқталды.

«Құрылыс саласында, 2021 жылмен салыстырғанда 2,3 есеге өсіп, 323 млрд теңгені құрады. Жыл басынан пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы 191 мың шаршы метрді құрап, өткен жылмен салыстырғанда 17% асты. Биыл 855 мың шаршы метр тұрғын үйді   пайдалануға беру жоспарланған. 2021 жылы 8 елді мекенде су құбыры қайта жаңартылып, 20 елді мекенге жаңа ауыз су құбыры тартылды. Нәтижесінде елді мекендердің 85% толығымен  қамтылған, яғни 1 млн 932 мың адам, 94,5% ауыз сумен қамтылған. 2025 жылға дейін 100% сапалы ауыз сумен қамту міндеті алға қойылды», - деді облыс әкімі. 


Облыста табиғи газ мәселесі шешіліп жатыр. Газбен қамтамасыз етілген елді мекендердің жалпы саны 457-ге жетті.