Алғашқы Конгресс 2010 жылы өткен болатын. Осы уақыттан бері Astana Mining & Metallurgy саладағы кәсіпқой мамандар бас қосып, өзара уағдаластыққа қол жеткізетін және тараптар арасында тиімді келісімшарттар жасалатын алаңға айналды. Өз кезегінде дәстүрлі басқосуға шетелдік мамандар мен сарапшылардың қатысуы кең көлемде тәжірибе алмасуға және саланы дамытуда ортақ шешімдер қабылдауға ықпал етеді.
Премьер-Министрдің орынбасарының айтуынша, Жаңа Қазақстан тұжырымдамасының басты мақсаттарының бірі – тұрғындардың кірісін ұлғайту. Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша өткізілген референдум нәтижесіне сәйкес халық жердің және табиғи ресурстардың иесі екінін туралы ереже біржола бекітілді. Осыған орай еліміздің мемлекеттік өнеркәсіп саясатына бірқатар талап енгізілді. Атап айтқанда, ірі жер қойнауын пайдаланушылар ағымдағы өндірістік және тұтынушылық қажеттіліктерді қамтамасыз ету үшін шағын және орта бизнеске қолайлы жағдай жасауы тиіс.
«Қазіргі таңда өңдеу өнеркәсібімен айналысатын 50 ірі кәсіпорын анықталды. Аталған кәсіпорындардың базасында шағын және орта бизнес белдеуі құрылатын болады. Олар кепілдеме сатып алулар үшін оффтейк келісімдер мен шарттар жасайтын болады. Нәтижесінде импорттық өнімдерді жалпы құны 3 трлн теңгені құрайтын отандық тауарлар алмастырады деп күтілуде», — деді Е. Тоғжанов.
«Жыл басынан бері өңдеу көлемінің артқанын бағамдап отырмыз. Мәселені түбегейлі әрі жүйелі шешу үшін қажетті нормативтік база құрылды. Шикізатпен қамту қайта өңдеу өнеркәсібі үшін маңызды және негізгі тетік саналады. Игі іске бастама жасап, оны жүзеге асыруға атсалысқандарға алғыс білдіремін және де бұл тараптағы жұмысты одан әрі жандандыруды сұраймын», — деп атап өтті Е. Тоғжанов.
Сондай-ақ шара аясында III Көмір форумын өткізу де жоспарланған. «Тау-кен өндірушілері және тау-кен металлургиялық кәсіпорындардың республикалық қауымдастығы» ЗТБ серіктестігімен жыл сайын ұйымдастырылатын жиында сарапшылар көмір саласын дамыту мәселелері мен декарбонизация стратегиясын талқылайды. Оған қоса, салаға кадрлар даярлау және ЖОО түлектерін тиімді жұмысқа орналастыру бойынша дөңгелек үстел де өткізілмек.
Сонымен қатар Astana Mining & Metallurgy аясында «Алтын Гефест» салалық сыйлығын тапсыру рәсімі ұйымдастырылмақ. Марапат тау-кен металлургия саласын дамытуға қосқан үлесі үшін үздік геологтар, кеншілер, металлургтер, студенттер, журналистер мен алдыңғы қатардағы кәсіпорындарға беріледі.