20.06.2022 _ 16:08

Қазақстан Иран азаматтары үшін визасыз режим енгізді

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Иран Ислам Республикасына ресми сапары аясында Иран Президенті Ибрагим Раисимен кездесуінде маңызды шешім қабылданғанын мәлімдеді.
Қазақстан Иран азаматтары үшін визасыз режим енгізді

Мемлекет басшысы сапары барысында маңызды шешім қабылданғанына тоқталды.

– Біз Иран азаматтарының Қазақстанда 14 күн визасыз жүріп-тұруына рұқсат береміз. Бұл түрлі саладағы ынтымақтастықты нығайтуға септігін тигізеді. Сондай-ақ, іскер топ өкілдерінің байланысын жандандырады. Барыс-келіске тың серпін беріп, туристердің көптеп келуіне ықпал етеді. Иран кәсіпкерлері осы жеңілдікті кеңінен қолданады деп сенемін, – деді Қазақстан Президенті.

Иран Ислам Республикасының Президенті Ибрахим Раиси Қасым-Жомарт Тоқаевқа ілтипат көрсетіп, шақыруын қабыл алғаны үшін алғыс айтты.

– Біз алғаш рет Душанбе саммитінде кездескен едік. Сізбен екінші рет Тегеранда жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Сіздің Президент ретінде келген бұл сапарыңыз екіжақты қарым-қатынастарымыздың дамуына тың серпін беретін ұлы бетбұрыс боларына сенімдімін, – деді Иран Президенті.