Е. Қошанов фракция мүшелерінің бүкіл аймақтарды аралап, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, референдумды абыроймен өткізуге белсенді қатысқанын атап өтті.
– Бұл кешенді жұмыстың басы ғана. Біздің алдымызда нақты әрі ауқымды міндеттер тұр. Ең әуелі – Конституциялық реформаларды заңнамалық тұрғыда қамтамасыз етуіміз керек, – деді «AMANAT» партиясының Төрағасы.
Сонымен қатар Палата Спикері Ұлттық құрылтайға Мәжіліс депутаттарының мүше болуы жиында көтерілген маңызды мәселелерді заңнамалық тұрғыда іске асыруға мүмкіндік беретініне және Парламент қабырғасында қоғамдық диалогты дамытуға жол ашатынына баса назар аударды.
Айта кету керек, Ұлттық Құрылтайда Ерлан Қошанов Мәжіліс жанынан Қоғамдық палата құру туралы бастама көтерген болатын. Қоғамдық Палата барлық депутаттарды қамти отырып, халықты толғандырған өзекті мәселелер бойынша пікір алмасудың және заң жобаларын талқылаудың ашық алаңына айналмақ.
Басқосу барысында Фракцияның алдағы жұмысы нақтыланып, депутат А.Сарым, А.Рау және Е.Жаңбыршин сөз сөйледі, өз ұсыныс-пікірлерін жеткізді.