22.06.2022 _ 14:20

Қостанай облысының әкімі: 1,8 трлн теңгеге 52 жобадан тұратын пул жасақталды

Қостанай облысының экономикалық дамуының оң серпіні байқалады. Бұған 5 айдың қорытындысы бойынша экономиканың негізгі салаларының көрсеткіштері дәлел. Өңдеу өнеркәсібінде – 13,8%; құрылыста – 12,9%; көтерме саудада – 8,6%; бөлшек саудада – 5,8%; тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша – 3,4%; негізгі капиталға инвестициялар бойынша – 2,7% өсімге қол жеткізілді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өңір басшысы Архимед Мұхамбетов мәлімдеді.

«Жыл басынан бері өнеркәсіп кәсіпорындары 1 трлн теңгенің өнімін өндірді. Өсімді негізінен елдің индустрияландыру жылдарында енгізілген кәсіпорындар қамтамасыз етеді. Машина жасау, металлургия, жеңіл өнеркәсіп өнімдері, резеңке және пластмасса бұйымдары мен тамақ өнімдері өндірісінің ұлғаюы есебінен өңдеу өнеркәсібі 13,8%-ға артқан. Өңірдің ерекшелігін ескере отырып, алдағы перспективаға арналған өсу резервтері ретінде 1,8 трлн теңгеге 52 жобадан тұратын пул қалыптастырылды. Облыс экономикасын одан әрі индустрияландыруға ықпал ететін 8 мыңға жуық жұмыс орны ашылады», - деп атап өтті спикер.