01.07.2022 _ 10:50

Қазақстанда құрбандық шалу рәсімін қашықтықтан өткізу үшін арнайы сайт іске қосылды

Қазақстанда құрбандық шалу рәсімін қашықтықтан өткізу үшін qurban2022.kz сайты іске қосылды. Бұл туралы ҚМДБ төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы мәлімдеді.

Бас мүфти жұртшылықты "Құрбан-2022" қайырымдылық акциясына өз үлесін қосуға шақырды және осы жылы тұрғындарға ыңғайлы болу үшін құрбандық офлайн және онлайн форматта жүзеге асырылатынын атап өтті.

Құрбандық шалуға ниет білдіргендер сайт арқылы онлайн режимінде құрбандық шалатын малды таңдап, қаражатты көрсетілген деректемелерге аудара алады. Қой мен ешкіге бір адам, ал ірі қара мен түйеге 1–7 адам бірге тапсырыс бере алады. Осыдан кейін хабарламада төлеген кезде тапсырыс нөмірі мен жіберушінің атын көрсету керек. Құрбандық шалғаннан кейін фото және видео есеп тапсырыс беруші көрсеткен WhatsApp нөміріне жіберіледі.

Естеріңізге сала кетейік, биыл Құрбан айт 9, 10 және 11 шілдеде тойланады.