01.07.2022 _ 10:40

Шымкент әкімі: ауыл шаруашылығы саласында құны 11 млрд теңгені құрайтын 14 жоба іске асырылады

Шымкент әкімі Мұрат Айтенов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында агроөнеркәсіп кешенін дамыту жайлы айтып берді. Бұл бағытты ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдейтін өндірістік алаңдарын дамыту арқылы қолға алу көзделген.

«Бүгінгі таңға аумағы 133 гектар құрайтын «Бозарық» тамақ өнеркәсібі агроиндустриялық аймағында инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде 21 жобаға  23 млрд теңге инвестиция тартылып, 1 500 астам жұмыс орны ашылатын болады. Жалпы ауыл шаруашылығы саласында биыл құны 11 млрд теңгені құрайтын 14 жоба іске асып, 369 жұмыс орны ашылады. Жобалар қайта өңдеу, өндірістік жылыжай кешені, сақтау қоймасы, тауарлы сүт фермасы мен құс шаруашылығын кеңейтетін болады», - деді спикер.


Сонымен бірге бағаны тұрақтандыру бағытында сауда-логистика аймағында 4 жаңа қойманың және 1 көтерме-тарату орталығының құрылысы жоспарлануда. Әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тауарлары бойынша тұрақтандыру қорына бюджет есебінен 7,7 млрд теңге бөлініп, ірі сауда желілеріне, жергілікті тауар өндірушілерге және бизнес субъектілеріне айналым қаражаты берілді.