«Құрметті Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің ардагерлері мен қызметкерлері! Сіздерді еліміздің дипломатиялық қызметінің 30 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Біз осынау тарихи межеге үлкен жетістіктермен жеттік», - делінген ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді оқып берген Мемлекет басшысының хатында.
ҚР Президентінің атап өтуінше, еліміз 186 елмен қарым-қатынас орнатып, 50 халықаралық ұйымның мүшесі болды.
«Біз өңірлік және жаһандық процестерге белсенді қатысатын орнықты әрі беделді мемлекетке айналдық. Сіздер тәуелсіздігіміздің алғашқы күнінен еліміздің мүддесін халықаралық аренада қорғап келесіздер. Қазіргі геосаяси тұрақсыздық жағдайында сіздер жаһандық әлемде Қазақстанның ұстанымын нығайтуға және шет мемлекеттермен ынтымақтастықты дамытуға үлкен үлес қосасыздар», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы еліміздің дипломатиялық қызметінің отыз жылдық мерейтойы халқымыз Жаңа Қазақстан құруға кіріскен сындарлы сәтпен тұспа-тұс келгенін баса атап өтеді.
«Осыған орай Сыртқы істер министрлігіне үлкен жауапкершілік жүктеледі. Дипломаттардың басты міндеті - мемлекетіміздің әлемдегі мәртебесін одан ары арттыру, сыртқы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, шетелдегі азаматтарымыздың құқықтары мен мүүдделерін қорғау», - деді ҚР Президенті.