05.07.2022 _ 11:12

ҚР ИИДМ: Көлік және құрылыс саласында мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасау туралы

Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев көлік инфрақұрылымы мен құрылыс саласын мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайларына бейімдеу бөлігінде олардың өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі шаралар туралы ақпарат берді.

ИИДМ басшысы мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға қызмет көрсетуде дайындығы барынша жоғары азаматтық авиация саласындағы инфрақұрылым екенін айтты.

«Өтініштерді талдау негізінде біз мүмкіндігі шектеулі жандарды тасымалдау рәсімдерін жеңілдету бойынша жұмыс жүргіздік. Тұрақты негізде қолданыстағы НҚА жетілдіру бойынша жұмыс жүргізілуде. «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» мүмкіндігі шектеулі жолаушыларды тасымалдау стандарттарының сақталуына үздіксіз бақылау жүргізуде», – деп атап өтті министр.

Теміржол көлігі саласында осы жылдың соңына дейін мамандандырылған вагондардың тапшылығын толығымен жою жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда барлық поездарда арбалар қарастырылған. Сонымен бірге, отырғызу/түсіру кезінде көмек көрсетіледі, поезд бригадаларының қызметкерлері арнайы оқытылған және халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары мен ментальді бұзылыстары бар адамдарға қызмет көрсету тәжірибесі бар.

Сондай-ақ, жолаушылар пойыздарына жеңілдетілген билеттерді онлайн сатып алу үшін жағдай жасалған. Жыл басынан 200 мыңға жуық жеңілдікті билет сатылды. Бұдан басқа, ИИДМ қолданыстағы билеттерді сату жүйесін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректер базасымен интеграциялау бойынша жұмыс жүргізуде.

«Қазір елімізде 136 вокзал мүгедек адамдарға қызмет көрсету талаптарына сәйкес келеді. Тек Шымкент қаласы әкімдігінің балансындағы вокзал талаптарға сәйкес келмейді. Осыған байланысты нысанды сатып алу құқығынсыз сенімді басқаруға беру бойынша іс-шаралар қолға алынды», – деді Қ.Өскенбаев.

38 автовокзалдың 32-сі және 113 автостанцияның 97-і мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімділік талаптарына жауап береді. Тұрақты қалалық автобус маршруттарында 10 770 автобус жұмыс істейді, олардың 3 204-і (30%) мүгедек адамдарды тасымалдауға бейімделген. Сонымен қатар,  өңірлерде жалпы 375 бірлік автопаркі бар 119 инватакси қызметі жұмыс істейді.

Автокөлік саласы туралы айта келе, Қ.Өскенбаев биыл 27 маусымда елордада, республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда тұрақты қалалық маршруттар үшін сатып алынатын барлық жаңа автобустардың халықтың қауқары аз топтарын тасымалдауға бейімделуін талап ететін заң қабылданғанын айтты. Бұл талап 2023 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі.

Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияның негізгі қағидаттарына сәйкес ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы қолданыстағы заңнамаға түзетулер енгізді.

«Бүгінде қолданыстағы нормативтік база мүгедек адамдар үшін қолайлы орта құру үшін барлық қажетті талаптарды қамтиды. Атап айтқанда, қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін нормативтік түрде келесі талаптар белгіленген: сәулет-жоспарлау тапсырмасы мен жобалауға арналған тапсырмада мүгедек адамдар үшін қолжетімділік бойынша міндетті талап, қолжетімділікті ескере отырып ЖСҚ әзірлеу, сараптама сатысында мүгедектер үшін жағдайлар болмаған кезде жобаны пысықтауға жіберу, құрылыс барысында кедергісіз ортаны қамтамасыз ету бойынша авторлық және техникалық қадағалау тарапынан бақылау, жобаны іске асыру кезінде абаттандыру кезінде кедергісіз ортаны қамтамасыз ету», – деп атап өтті ИИДМ басшысы.

Бұдан басқа, бейінді заңнамада қолжетімділік жағдайларын жасау үшін пәтерлерді қайта жоспарлауды көршілермен келісу қажеттілігі алынып тасталды. Сонымен бірге мүгедек адамдар үшін қолжетімділік бойынша ЖСҚ-да жеке бөлімді енгізу туралы норма пайда болды. Сондай-ақ, объектілерді қабылдау кезінде әлеуметтік қорғау органдарының қатысуы және тұрғын үйлерді жоспарлау мен салу кезінде пәтерлердің кемінде 5%-ын мүгедектер үшін қамтамасыз ету жөніндегі міндет көзделді.