07.07.2022 _ 11:40

ҰБТ-ға тыйым салынған заттарды кіргізу әрекеттері азайды

ҰБТ-ға тыйым салынған заттарды кіргізу әрекеттері мен ҰБТ ережелерін бұзу саны біршама азайды. Өткен жылы 756 түлек ҰБТ-ға тыйым салынған заттарды алып өтуге тырысса, биыл мұндай 327 жағдай тіркелді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК директоры Руслан Емелбаев мәлімдеді.

«Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін 322 адам аудиториядан шығарылып, нәтижелері жойылды. Көрсеткіштер 4 есеге төмендеген, себебі 2021 жылы аудиториядан 1305 адам шығарылған болатын. Барлық бейнежазбаға 31 желтоқсанға дейін талдау жасаймыз. Егер тыйым салынған заттарды пайдалану фактілері анықталса, талапкер білім беру грантынан айырылады, сертификаты жойылады. Естеріңізде болса, бұл норма 2020 жылы алғаш рет қолданылған еді. 2020 жылы бейнежазбаларды қайта қарау нәтижесінде 152 тестіленушінің, 2021 жылы 52 адамның нәтижесі жойылған болатын. Постпрокторинг нәтижесі бойынша қазіргі таңда 15 адамның нәтижесі жойылды. 200-ден астам талапкердің нәтижелері тексеріс үстінде»,  - деді спикер.