07.07.2022 _ 14:45

Алғашқы медициналық-әлеуметтік көмекті дамыту - әкімдіктің 2022 жылғы жұмысындағы басымдық – Алматы басшысы

Емханаларға түсетін жүктемені азайту және консультациялық-диагностикалық қызметтердің қолжетімділігін арттыру үшін жыл соңына дейін Кемел және Мамыр шағын аудандарында 2 отбасылық-дәрігерлік амбулаторияны салу және №11 қалалық емхананы күрделі жөндеу жұмыстары аяқталады. Сондай-ақ Саялы, Қарасу және Нұршашқан шағын аудандарында 3 отбасылық-дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталып, 2023 жылы аяқталады. Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

«Емханаларды заманауи медициналық жабдықтармен толық қамтамасыз етуге 1,7 млрд теңге бөлінді. Бұдан басқа, жылдың соңына дейін 2 емхана мен 3 отбасылық-дәрігерлік амбулатория, 2023 жылы тағы 3 отбасылық-дәрігерлік амбулатория салу үшін жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары аяқталады. Ана мен бала өлімін азайту үшін биыл Балаларға шұғыл көмек көрсету орталығының жаңа корпусы салынып бітеді, 4 перзентхана мен 2 балалар стационарын 2,8 млрд теңгеге техникалық жарақтандыру жақсартылады. Қан айналымы жүйесі ауруларынан, онкопатологиялардан болатын өлім жағдайын азайту үшін үш жылдық бағдарлама шеңберінде 6,9 млрд теңге сомасына көп бейінді стационарлар жаңғыртылады», - деді спикер.


Сондай-ақ, аса тапшы мамандықтар бойынша 240 дәрігерді даярлау және 1000 медбикені оқыту жүргізілуде. 2022 жылы медициналық-санитарлық алғашқы көмекті дамыту медициналық қызметтердің қол жетімділігі мен сапасын арттырады, ана өлімін 3 есе азайтады.