07.07.2022 _ 15:00

Алматыда нөсер канализациясы жүйесін реконструкциялау жүргізіледі

Алматының жер бедеріне байланысты нөсер жауын кезінде қаланы су басып жатады. Тексеру барысында қалада тұрақты су басатын 102 учаске анықталды. Биыл наурыз айында жауын-шашынның айлық мөлшері 76 мм норма кезінде 166,3 мм, маусым айында 106 мм норма кезінде 141,6 мм құрады. Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте хабарлады.

«2022 жылдың соңына дейін су басатын 56 учаске жойылып, 12 коллектор қалпына келтіріледі, 75 км арық желісі жаңғыртылады. Жүйелі шара ретінде нөсер канализациясы (коллектор, каналдар, су тоғандары) бірыңғай оператор - қала әкімдігіне тиесілі «Eco Almaty» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне беріледі. 2023-2024 жылдары 201 км арық желісін жаңғырту аяқталады, 100 км жаңа арық желісі салынады, тұрақты су басатын 46 учаске жойылады. Тұрақты су басуды жою үшін ағымдағы жылы жергілікті бюджет резервінен 5,3 млрд теңге бөлінді», -  деді спикер.