07.07.2022 _ 15:10

Алматыны дамытудың негізгі басымдықтары белгіленді

Алматы әкімдігі осы жылдың ІІ-ші тоқсанында Алматы қаласын дамыту орталығымен бірлесіп және түрлі салалардан 40-тан астам тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, «Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі жоспарының негізгі басымдықтарын және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективаларын» әзірледі. Бұл туралы қала басшысы Ерболат Досаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте хабарлады.
Иллюстративное фото с сайта almaty.tv

«Биыл 27 маусымда қоғамдық талқылау үшін Даму жоспарының негізгі басымдықтарының жобасы жарияланды. Жоспар 13,6 мыңнан астам қаралым жинады. Біз 400-ге жуық адамнан 1280 пікір мен жауап алдық. Ұсыныстардың басым бөлігі жайлы қалалық ортаны құруға және экология мен абаттандыру мәселелеріне қатысты болды. 4 шілдеде «Даму жоспарының негізгі басымдықтары» таныстырылды және мәслихат депутаттары мен сыртқы сарапшылардың қатысуымен өткен Қоғамдық кеңес отырысында мақұлданды. Алматыны дамытудың негізгі басымдықтарын іске асыру жөніндегі жоспар алдағы 2 айдың ішінде – 5 қыркүйекке дейін бекітілетін болады», - деді Е.Досаев.