08.07.2022 _ 14:10

Елордада қалған екі ауданда газ құбырының құрылысы басталды

Елорданың «ескі» бөлігінің 10 тұрғын алабы газға қосылған. Газдандыру - өте маңызды мәселе, ол Мемлекет басшысының бақылауында. Бұл мәселені шешу қаланың экологиясын жақсартуға мүмкіндік береді. Сарыарқа және Алматы аудандарынан кейін қалған екеуінде газ құбырлары салынады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.


«Жеке секторда 14 мың абонент тұрады, қазірдің өзінде 3,6 мыңнан астам абонент газ пайдаланады. Біз бюрократия деген проблемаға тап болдық. Министрліктің бұйрығына сәйкес, тұрғындар құжаттардың 8 түрін жинауы қажет. Оған 6-7 ай кетеді. Енді Мемлекет басшысы бекіткен бюрократиядан арылту туралы Жарлыққа сәйкес ол екі есе қысқарды. Бұл газдандыру процесін айтарлықтай жылдамдатады. Биыл Есіл ауданы мен Байқоңыр ауданына апаратын газ құбырларының құрылысы басталды. Қаланың «айналасы» толықтай қамтылады, сонымен қатар орамішілік инженерлік желілер жобаланып жатыр», - деді қала басшысы.  


Атап айтқанда, Ильинка (Үркер), Өндіріс, Пригородный, Тельман, «Family Village», «Garden Village» шағын аудандары. Шұбар шағын ауданын жобалау жүргізілуде.