13.07.2022 _ 11:10

Қазақстанда 2030 жылға қарай су ресурстарының тапшылығы 23 текше километрді құрауы мүмкін

Су мәселесі елімізде өте өзекті. Мемлекет басшысы су ресурстарын қорғауға және тиімді пайдалануға көп көңіл бөлуде. Бұл ретте су нысандарының экожүйесін сақтап, оны үнемді пайдалану үшін аса маңызды 120 каналды қайта жаңғыртуға және жаңадан 9 су қоймасын салу бойынша тапсырма берілді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстар комитетінің төраға орынбасары Досбол Бекмағамбетов мәлімдеді.


Оның айтуынша,  өзен ағысының көпжылдық динамикасы жергілікті және трансшекаралық ағындардың аз болуынан су ресурстарының азаюын көрсетеді. 


«Егер 2000 жылдары орташа көпжылдық өзен ағысы 120 текше километр болса, қазіргі уақытта ол шамамен 102 текше километрді құрайды. Бұл климаттың өзгеруіне және антропогендік факторларға байланысты. 2030 жылға қарай өзен ағынының одан әрі 99,4 текше километрге дейін қысқаруы болжанып отыр. Қазіргі кезеңде су ресурстарының тапшылығы 17 текше километрден асады, ол су экожүйелерінің қажеттіліктері есебінен мәжбүрлі түрде жабылады», - деді спикер.


Су ресурстарының азаюы және халықтың, экономика мен экологияның қажеттіліктеріне суды пайдаланудың өсуі жағдайында Қазақстанда 2030 жылға қарай су ресурстарының тапшылығы 23 текше километрді құрауы мүмкін. 


«Бұл мәселе су ресурстарына қатысты жағдайын өңірлер бойынша әр түрлі болғандығынан күрделенеді. Елдің шығыс өңірі су ресурстарымен неғұрлым қамтамасыз етілсе, Орталық Қазақстан (Нұра-Сарысу бассейні) ең аз қамтамасыз етілген. Оңтүстік және Батыс өңірлер шектес елдерге неғұрлым тәуелді болып табылады. Сондықтан болжанып отырған су тапшылығы осы өңірлерге көбірек әсер етеді», - деді комитет өкілі. 


Досбол Бекмағамбетовтың айтуынша, климаттық факторлардан басқа, су ресурстарын басқару және суға деген сұраныс мәселелеріне елдің оңтүстік және батыс аймақтарының көршілес елдердің су саясатына үлкен тәуелділігі, су экожүйелерінің қажеттіліктері «қалдықтық принцип» бойынша соңғы орында қалуы, суды пайдалану тиімділігінің төмендігі, сондай-ақ су беру қызметтеріне төмен тарифтері, су ресурстары комитетінің ағымдағы штат саны жағдайында су қорын ұтымды пайдалану мен қорғауға толыққанды бақылауды қамтамасыз ете алмауы, су ресурстарын басқару кезінде қабылданатын шешімдерді ғылыми тұрғыдан әлсіз сүйемелдеу және білікті кадрлардың жетіспеушілігі секілді жағдайлар теріс әсерін тигізеді.