13.07.2022 _ 11:40

Трансшекаралық ынтымақтастық жөніндегі жұмыстарды ведомствоаралық үйлестіру үшін Қазақстанның су кеңесі құрылды

Су саласындағы қазіргі проблемалар су ресурстарының тапшылығын әсіресе халық тығыз орналасқан оңтүстік өңірлерде тудырып отырғанын ескерсек, су қауіпсіздігі мәселелері ұлттық қауіпсіздік мәселелерімен қатар тұр. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстар комитетінің төраға орынбасары Досбол Бекмағамбетов осыған орай қарастырылған республиканың су ресурстары мен су шаруашылығын басқарудың сценарийімен таныстырып өтті.

«Біріншіден, трансшекаралық су ағындарын басқару және пайдалану кезінде Қазақстанның мүдделерін қорғауды күшейту. Трансшекаралық ынтымақтастық жөніндегі жұмыстарды ведомствоаралық үйлестіру үшін Қазақстанның су кеңесі құрылды. Трансшекаралық ынтымақтастық мәселелерін талқылау үшін барлық халықаралық алаңдар іске қосылады. Келіссөздер командалары күшейтілетін болады. Екіншіден, суды пайдалану тиімділігін арттыру және суға сұранысты басқару. Ол үшін суды бөлу және есепке алу процестерін цифрландыру және автоматтандыру жөніндегі жұмысты жандандыру, судың нақты сұранысын су тұтыну лимиттері мен нормаларын төмендету жолымен нормативтік сұранысқа жақындату қажет. Бұдан басқа, су үнемдеуді ынталандыратын тарифтер белгілеу керек. Бұл ретте, мемлекет бөлетін субсидиялардың мөлшері суару нормаларымен және су үнемдеу технологияларын енгізу деңгейімен байланыстырылуы тиіс. Үшіншіден, Су ресурстары комитеті мен оның бассейндік инспекцияларын күшейту. Комитет құрамында су ресурстарын есепке алуға, өңіраралық су бөлуге және су саласын перспективалық дамытуға жауапты құрылымдық бөлімшелер құрылатын болады. Ол үшін Су ресурстары комитетінің штат санын 21 бірлікке көбейту керек. Су ресурстарын пайдалану мен қорғауға тиісті бақылау мен қадағалауды қамтамасыз ету үшін бассейндік инспекциялардың штатын 153 бірлікке ұлғайту қажет. Бұдан басқа, бассейндік инспекциялардың материалдық-техникалық жабдықталуын жақсарту қажет», - деді спикер. 


Сонымен қатар, қабылданатын шешімдердің ғылыми негіздемесін қамтамасыз ету керек. Ол үшін Қазақ Су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты базасында су ресурстары және су шаруашылығы проблемалары жөніндегі ғылыми-талдау орталығы құрылатын болады. Аталған шараларды қабылдау еліміздің су саласының жағдайын едәуір жақсартуға және Қазақстанның су қауіпсіздігіне төнетін қауіп-қатерлерге дайындығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.