13.07.2022 _ 09:24

Биыл Қызылорда өңірінде 4 350 орынға шақталған 9 мектеп пайдалануға беріледі

Биыл 4 350 орынға арналған 9 білім ұясы пайдалануға беріледі. Аталмыш мектептердің 2-уі апаттық жағдайдағы мектептер орнына ашылады. Бұл туралы аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев облыстық мәслихат депутаттары алдында аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есебінде мәлімдеді.

Жаңадан ашылатын мектептердің 6-уы мемлекет қаржысына, ал қалған 3-уі жеке инвесторлар есебінен салынады. Облыста пайдалану мерзімі 30 жылдан асқан 6 мектепке күрделі жөндеу, 13 білім беру нысаны қазандықтарын газға ауыстыру және 2 мектептің бу қазандығын ғимараттан шығару жұмыстары жүргізіледі.

Сапалы оқу процесін қамтамасыз ету мақсатында облыс бойынша 8 негізгі мектептер орта мектептерге ауыстырылуда, яғни 10-11 сыныптар ашылуда.

«Президент Жарлығымен белгіленген «Балалар жылына» тарту ретінде қаламызда 1 млрд.теңгеге 50-ге тарта спорт алаңдарын, аудандарға 30-дан астам спорт-ойын алаңдарын саламыз. Бұл жұмыстар демеушілер есебінен іске асырылады», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.