18.07.2022 _ 14:30

М.Қожаев: 1729 қару мен 42 мың оқ-дәрі анықталып, заңсыз айналымнан алынды

Ішкі істер органдары жаппай тәртіпсіздіктер барысында ұрланған қаруды іздеп тауып тәркілеу бойынша белсенді жұмысты жалғастыруда. ҚР ІІМ Тергеу департаменті бастығының орынбасары Мұхтар Қожаевтың айтуынша, бүгінгі таңда «Құқықтық тәртіп» және «Қару» жедел-профилактикалық шараларын өткізу барысында жалпы 1729 қару мен 42 мың оқ-дәрі анықталып, заңсыз айналымнан алынды. Оның ішінде, 13 граната атқыш; 6 оқ жаудырғыш; 169 автомат; 374 тапанша; 266 травматикалық және газды қару.

«Өткен екі апта ішінде ғана 40-тан астам қару тәркіленді және оларды жасырын сақтайтын 125 орын (немесе схрон) жойылды. Мәселен, 4 шілдеде Алматы қаласында полиция қызметкерлерімен Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің бірлескен жедел-іздестіру шараларының барысында қаруды бүркемеленген сақтау орны табылып, ол жерден Макаров тапаншасы, шолақ аңшылық мылтығы, травматикалық тапанша мен 30 оқ-дәрі алынған. Сол күні Тараз қаласында Қылмыстық атқару жүйесінің қызметкерлерімен жаңадан салынған үйлердің арасындағы алаңқайдан 4 көз жасын ағызғыш граната, Калашников автоматының 60 оғы және Макаров тапаншасының 25 оғы табылып алынды. Сондай-ақ осы қалада 5 шілде күні полиция қызметкерлері тұрғын үйдің жанынан Макаров тапаншасы, жарық-дыбыс гранатасы және әртүрлі калибрлі 54 дана оқ табылып алынды. 15 шілде күні Алматы облысының полиция қызметкерлерімен Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері бірлесіп қаруды бүркемеленген кезекті сақтау орны табылып, ол жерден 12 калибрлі кесілген шолақ мылтық, 12 калибрлі аңшы мылтық, газ гранатасы және 25 дана Макаров тапаншасының оқ дәрісі тәркіленді», - деді спикер Орталық коммуникациялар қызметі алаңында.


Оның айтуынша, жүргізіліп жатқан түсіндіру жұмысының нәтижесінде азаматтармен ерікті түрде тапсырылған қарудың саны 212 бірлікке дейін жетті. Бұл азаматтардың ешқайсысы қылмыстық немесе басқа да жауапкершілікке тартылған жоқ. Өкінішке орай, заңсыз айналымдағы ұрланған қарудың саны әлі көп. Осы бағыт бойынша және елімізде заңдылықпен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша Ішкі істер органдары қажетті жұмысты жалғастыруда.


Сондай-ақ қаңтар оқиғаларының барысында зардап шеккен азаматтарға келтірілген шығынның өтелуін қамтамасыз етуге барлық күш салынуда. Бұл ретте ІІМ өкілі азаматтарды тағы да қаңтар оқиғаларына қатысты кез келген ақпаратты ішкі істер органдарына хабарлауға, қару тапқан жағдайда оны өз еркімен тапсыруға шақырды.