21.07.2022 _ 09:59

Ыстанбұлда қандастардың Түркияға көшінің 70 жылдығы атап өтілуде

Ыстанбұлда Түркия қазақтарының осы елге көшінің 70-жылдығы атап өтілуде. Ыстанбұл қазақтары құрған үкіметтік емес ұйымдардың бірі «Қазақкент Алтай қауымдастығы» әрі Ыстанбұл қаласы Бағжылар ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен және Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулдығының қолдауымен өткен шараға ҚР Бас консулы Әлім Байел, Бағжылар ауданының мэрі Абдуллах Өздемір, Зейтінбұрны ауданы мэрінің орынбасары Саффет Өз, Түркия және Еуропа елдеріндегі қазақ қауымдастықтарының басшылары мен мүшелері қатысты.

1930 жылдары басталған көште мыңдаған қазақтар ұзақ әрі қиын сапарға шығып, Гималай тауларын асып, Үндістанға, одан әрі Пәкістанға жеткен. Бұл бейнетке толы жолда көшке шыққан мыңдаған адам жолдың қиындығы мен түрлі аурулардың салдарларынан қаза тапты.

1952 жылғы 13 наурызда Түркия Премьер-министрі Аднан Мендерестің төрағалығымен Министрлер кеңесінің арнайы қаулыға қол қоюының нәтижесінде аман қалған қандастарымыз Түркияға қабылданды. Түрік үкіметі оларға азаматтық беріп, барлық қажеттіліктерін қамтамасыз етті.

Осы ретте былтыр Түркі мемлекеттер ұйымының Ыстанбұлда өткен саммитінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев А. Мендересті еске алып, Түркияға алғыс айтқан болатын. Ал биыл Алматы мен Түркістанда екі көшеге А. Мендерестің аты берілді.

Осы орайда Түркияға көштің 70 жылдығын атап өту шарасы А.Мендерестің қабіріне барып, Құран бағыштау және дұға оқудан басталды. Артынан 1500-ге жуық қандасымыз табиғат аясында сейіл құрды.

Бұл көштің 70 жылдығы аясында өтіп жатқан шаралар легінің бірі ғана. Түркиядағы мерейтойлық шаралар жалғасын табады.