21.07.2022 _ 14:30

«Оңтүстік» АЭА-да 32 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр.

«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы тоқыма өнеркәсібін дамыту мақсатында 2005 жылы құрылды. 5 жылдай инфрақұрылым құрылысы жүргізіліп, 2010 жылы бірінші инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Сол уақыттан бері аймақтың инвестициялық алаңы толыққанды жұмыс істеп келеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының басқарушы компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Ерболат Сариев мәлім етті.

Оның айтуынша, арнайы экономикалық аймақта 32 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобаларға тартылған инвестициялар құны 55 млрд теңгеден асты. Нәтижесінде 2500 жұмыс орны құрылды. 


«Оңтүстік» АЭА-нда 12 жылдың ішінде 126 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Оның жартысы, яғни 49,8% экспортталады. Экспорт географиясы өте кең. Шығысында Жапонияға, батысында АҚШ  пен Канадаға, Солтүстігінде Финляндия, оңтүстігінде Сауд Арабиясы мен Иран сияқты 23 мемлекетке жеткізіледі. Бірінші жартыжылдықта төленген салық және әлеуметтік төлемдер құны 7 млрд теңгеден асты. Қазір жұмыс істеп жатқан  кәсіпорындарға  құйылған инвестициялар құны мемлекеттік 1 теңгеге  7 теңгені құрайды. Жүзеге асыру барысындағы жобаларды қоса есептегенде 16 теңгеге жақындап отыр. 
2021 жылы аймақтағы кәсіпорындардың жалпы өндіріс көлемі екі есе артты. 2020 жылы 15 млрд-тың өнімі шығарылса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 30 млрд құрады. Бұл үлкен жетістік. Экспорт 45% өсті. Салық төлемдері 54% жетті. Жұмыс орындары 28% өсті. Биылғы бірінші жартыжылдықтағы көрсеткіштер жақсы. Өндіріс көлемі 70% артты. Қазіргі геосаяси ахуалға байланысты экспорт төмендеді, бірақ салық пен жұмыс орындарының құны артты», - деді АЭА басқарма төрағасы.


Спикер бүгінде АЭА-ның мемлекет экономикасының өндіріс салаларындағы маңызын ерекше атап өтті Қазақстандық жеңіл өнеркәсіптің 20% астамы «Оңтүстік» АЭА шығарылады. «Оңтүстік» АЭА негізгі басымдықтары: өзін-өзі қамтамасыз етеді; салалық кластер құру міндетін орындады; өз білім беру орталығы бар; тоқыма саласындағы елеулі үлесі бар; бірегей өндіріс ошақтарының алаңы болып табылатын Қазақстандағы жалғыз арнайы экономикалық аймақ.