24.07.2022 _ 09:02

Қазақстан мен Грузия Батуми теңіз порты мен мұнай терминалының активтерін дамытуға ниетті

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамбет Қоныспаев Грузияның Уақытша сенімді өкілі Георгий Чхеидземен кездесті.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев пен Грузия Президенті С.Зурабишвилидың Қазақстан-Грузия дипломатиялық қатынастарының орнағанына 30 жыл толуына байланысты құттықтау хаттарымен алмасты.

Е.Қоныспаев Грузия Қазақстанның Оңтүстік Кавказдағы маңызды және сенімді әріптесі екенін, ал Қазақстан-Грузия қатынастары өзара құрмет пен сенімге негізделгенін атап өтті. «Екі ел арасында сындарлы саяси диалог, үкіметтік деңгейде тығыз байланыс, жемісті экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастық орнады», - деп атап өтті ол.

Тараптар сондай-ақ қазіргі кезеңдегі Қазақстан-Грузия ынтымақтастығының қарышты дамуын қанағаттанушылықпен атап өтті. Бұл ретте, ең кең ауқымды мәселелер бойынша өзара іс-қимылды кеңейту үшін елеулі резервтердің бар екенін атап өтті.

Бұл тұрғыда көлік және логистика саласына, ең алдымен Кавказдағы негізгі қазақстандық инвестициялық активтер – Батуми теңіз порты мен Батуми мұнай терминалын пайдалана отырып, Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту бойынша бірлескен күш-жігер жұмсау қажеттігіне ерекше назар аударылды.

Инвестициялық ынтымақтастық тақырыбын жалғастыра отырып, министрдің орынбасары Қазақстан Грузия экономикасының басқа да секторларында белсенді түрде қатысып, достас грузин халқының әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатына елеулі үлес қосқанын атап өтті. Грузиядағы ең ірі қазақстандық инвесторлардың қатарына «ҚазТрансОйл», «Rompetrol Georgia», «KMG International» және «Грузия Халық Банкі» кіреді.

Кездесу соңында Грузия Премьер-Министрі И.Гарибашвилидің  ү.ж. 27 шілдеде Нұр-Сұлтанға жасайтын ресми сапарының дайындық барысы талқыланды.